Ақтөбе облысында жоғары технологиялы цемент зауытының құрылысына капсула салу рәсімі өтті
Тәулігіне 3,5 мың тонна цемент клинкерін өндіретін жоғары технологиялы желі 2027 жылы Ақтөбе облысының Байғанин ауданында іске қосылады. Жобаның стратегиялық инвесторы — Sinoma Cement Co. компаниясының озық технологиялары мен заманауи сапа стандарттарына негізделген бұл зауыт 1 200-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Зауытты 2027 жылдың екінші жартысында Sinoma Cement Co. мен қазақстандық Primus Capital инвестициялық холдингінің қолдауымен іске қосу жоспарлануда. Құны шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба аясында 1260 жұмыс орны ашылмақ: оның 900-і – құрылыс кезеңінде, 250-і – бірінші кезеңде, ал 110-нан астамы – екінші кезеңде.
Бұл — China National Building Material Group (CNBM) компаниясының базалық материалдар секторындағы активтерді басқаратын Sinoma Cement Co. халықаралық инвестициялық платформасының Орталық Азиядағы тұңғыш жобасы. Бүгінгі таңда, аталған компания портфелінде Африка мен Таяу Шығыс елдерінде жүзеге асырылып жатқан 20-дан астам ірі жоба бар.
Зауытта көмірқышқыл газының шығарылуын азайтуға арналған озық технологиялар мен заманауи сапа стандарттары қолданылады. Бұл цемент өндірісінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дайын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Бүгінгі таңда, жоба аясында жер қойнауын пайдалану үшін лицензия (бор, саз, мергель) алынып, шикізат қоры мен сапасын растау мақсатында China National Building Materials Resources and Environment Co., Ltd. (CNBR) зертханаларында геологиялық-барлау жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса, жобаның бастапқы техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, сәулеттік-жоспарлау тапсырмасы алынды және жобалық-сметалық құжаттар жасалып, инвестиция жөніндегі келісімге қол қойылды.
Жаңа зауыт импортты алмастырып, Қазақстанның шетелден келетін цемент өнімдеріне тәуелділігін едәуір азайтады. Құрылыс қарқынының орташа өсімі 8,5% деңгейінде болса да, өңірде жылына 800 мың тонна цемент өндіретін бір ғана зауыт бар. Сондықтан, қазіргі сәтте, цементке деген қажеттілік Ресей, Иран және Қазақстанның басқа өңірлерінен келетін өнімдер есебінен өтелуде.
Өндірістік зауыт пен шикізат карьерлерінен бөлек, теміржол желілерін қамтитын толық инфрақұрылымы бар жұмысшы қалашығын салу жоспарлануда.
Анықтама:
Sinoma Cement — акциялары биржада саудаланатын Tianshan Materials Co., Ltd және China National Materials Engineering Co., Ltd (SINOMA) компанияларының бірлескен кәсіпорны. Сондай-ақ, ол China National Building Material Group (CNBM) базалық материалдар секторындағы активтерді басқаруға арналған халықаралық инвестициялық платформа болып саналады.
Tianshan Materials Co., Ltd — CNBM-нің негізгі құрылыс материалдары саласындағы басты кәсіпорны және қызмет көлемі мен толық өндірістік тізбегі бойынша әлемдегі ең ірі цемент компаниясы.
SINOMA — цемент зауыттарын жобалау, цемент өнеркәсібі үшін жабдықтар өндіру және «дайын күйде» зауыттарды салу қызметтерін ұсынуда әлемдік көшбасшы. Компания құрамына Beijing Triumph International Engineering (BTIEC) және Tianjin Cement Industry Design & Research Institute (TCDRI) сияқты еншілес ұйымдар кіреді. Бұған дейін SINOMA Қазақстанда Шымкент цемент, Каспий цемент, Жамбыл цемент, Шиелі цемент және Стандарт цемент секілді бес цемент зауытын салған.
Tianshan Materials пен SINOMA компанияларының бас құрылтайшысы — құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын China National Building Material Group (CNBM) мемлекеттік конгломераты. Ол металл емес материалдар өндірісінде және жеке инвестиция саласында белсенді қызмет ететін компания ретінде, 14 жыл бойы Fortune Global 500 рейтингінде тұрақты орын алып, 2024 жылы 307-орынға ие болды. Оның жеті кәсіпорны (цемент, дайын бетон, гипсокартон, шыны талшық, жел турбиналарының қанаттары, цемент пен шыны саласындағы қызметтер) әлемдегі ең ірі өндіріс орындары қатарында. Ал, аса жіңішке электронды шыны, жоғары өнімді көміртек талшықтары, литий-ион аккумуляторларының сепараторлары мен жоғары вольтты электр оқшаулағыштары сияқты жаңа материалдар өндіретін бірнеше кәсіпорны Қытай өндіріс саласында көшбастап тұр.


